Ведомствоаралық комиссия ҚР-да санитарлық-карантиндік шараларды қатаңдату жөнінде шешім қабылдады

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері мен өңірлердің басшылары қатысты. Күн тәртібінде эпидемиологиялық жағдайдың өршуі және «омикрон» штамының айналымы мәселелері қозғалды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады. Ол эпидемиялық жағдайдың күрделеніп жатқанын атап өтті. Тек соңғы тәулікте 4 мыңнан астам адамда вирус анықталды. Қазірдің өзінде 4 өңір «қызыл аймаққа» енді.

Ведомствоаралық комиссия инфекцияның таралуын болдырмау үшін санитариялық-карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда:

  •  «жасыл» мәртебесі бар тұлғаларға ғана сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен караокеге кіруге рұқсат беру туралы норманы ұзарту;
  • 13 қаңтардан бастап «омикрон» штамын ескере отырып, СПА-ға, спорттық-сауықтыру және фитнес-орталықтарына тек «жасыл» мәртебесі бар адамдарға рұқсат беру;
  • 15 қаңтардан бастап вакцинациялану мәртебесіне қарамастан шетелден келгендердің барлығында теріс ПТР тестінің міндетті түрде болуы.

Сондай-ақ «қызыл аймаққа» кірген Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және Атырау облысында шектеу шараларын күшейту ұсынылды. Атап айтқанда:

  • 30 адамның қатысуымен, Ashyq нысандарында өткізілетін еске алу шараларын қоспағанда, бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;
  • Ойын-сауық, мәдени ұйымдардың қызметіне, діни шараларды және әртүрлі конференциялар мен семинарларды өткізуге тыйым салу;
  • Қоғамдық тамақтану орындарындағы бір үстелдегі адамдар санын 4 адамға дейін азайту;
  • Оқушылардың онлайн форматтағы оқулары 2022 жылғы 31 қаңтарға дейін, орта және жоғары оқу орындарының барлық курстағы студенттері үшін 2022 жылдың 6 ақпанына дейін;
  • Білім беру орталықтарының, балалар мен ересектерге арналған үйірмелердің жұмысын онлайн-форматқа көшіру;
  • Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындар қызметкерлерінің кемінде 70%-ы қашықтан жұмыс істеуге көшуі тиіс;
  • Әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкіндігі үшін қоғамдық көлік санын көбейту.

Кеңес соңында вице-премьер әкімдіктерге азаматтарды вакцинациялау және ревакцинациялау қарқынын күшейтуді, Үкімет қабылдаған шаралардың сақталуын бақылауға ерекше назар аударуды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу