Нан бағасын тұрақтандыру мақсатында 2022 жылдың қаңтарынан бастап астық құнын субсидиялау енгізіледі — ҚР АШМ

Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде жүйелі шаралар қабылдау туралы айтты. 

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар дайындалды, олар, ең алдымен, қолдау тетіктерін оңайлатуға, бағыттарын оңтайландыруға, шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысандарына қарамастан, барлық субъектілер үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Сондай-ақ субсидия алушылар нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу туралы қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдайтын норма енгізіледі.

«Ұсыныстарды қазіргі уақытта құрылған Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмыс тобы қарауда, оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары кірді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының үш отырысы өтті», — деді Е. Қарашөкеев. 

Жұмыс топтарының қорытындылары бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жаңа жүйесіне көптеген ұсыныстар мен ескертулер келіп түсті, олар жүйелендіріліп, негізді ұсыныстар мен ескертулер субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде ескерілетін болады. 

Жұмыс топтарын өткізу қорытындысы бойынша 2022 жылғы наурызда субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасын Үкіметтің қарауына енгізу жоспарлануда. 

Бұдан басқа, Министрлік субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірледі. Ақпараттық жүйенің көрсетілетін қызметтері субсидия алушылар үшін тегін болады. Қазіргі уақытта ол Ақмола облысында пилоттық режимде тестілеуден өткізіледі. 

Министр атап өткендей, Азықпен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі шешу мақсатында Азықпен қамтамасыз ету саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, іске асырылуда. 

Жол картасы шеңберінде азық-түлікпен қамтамасыз ету және ауа райы факторларының ауыл шаруашылығы өндірісіне теріс әсерін нивелирлеу мәселесін шешу мақсатында егіншілікті нақты әртараптандыру көзделеді. 

«Биылғы жылдың көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу мақсатында Министрлік барлық қажетті шараларды қабылдауда. Министрлікте өңірлердегі көктемгі егісті жүргізу жұмыстарын үйлестіру бойынша Жедел штаб құрылды. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге «Кең дала» бағдарламасы арқылы 70 млрд теңге көлемінде және Азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алуы арқылы 80 млрд теңге көлемінде жеңілдікті кредит берілетін болады», — деді Е. Қарашөкеев.

Өткен жылғы құрғақшылық, сондай-ақ қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағаларының күрт өсуі алдағы көктемгі егісті уақытылы дайындау және сапалы жүргізу үшін елеулі қиындықтар туғызуда.

«Осыған байланысты, фермерлерге қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджетті нақтылау кезінде көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік кредитті ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15%-ға төмен бағамен кемінде 380 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Отандық минералды тыңайтқыш өндірушілермен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тұқым, тыңайтқыш пен пестицид сатып алуды субсидиялауға 2022 жылы 70 млрд теңге көзделді», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн гектар алаңға егу жоспарлануда, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға көп.

«Облыстар әкімдіктері агротехнологияларды сақтау, ылғал ресурстарын үнемдеу технологияларын қолдану өлшемшарттарын міндетті түрде сақтай отырып, оларды кеңінен қолдану арқылы қолда бар ылғал қорларын сақтау, ұқыпты пайдалану шараларын қабылдауы қажет. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлы режимде жүріп жатыр», — деді ведомство басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы шеңберінде импортты алмастыру жөніндегі шаралар кешені көзделді. 

Министрлік мынадай жедел шаралар қабылдады:

  • 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге 125 мың тонна күнбағыс тұқымдары мен 110 мың тонна күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер енгізу;

  • картоп пен сәбізді экспорттауға 3 ай мерзімге тыйым салу;

  • ірі қара мал мен ұсақ малды экспорттауға 6 ай мерзімге тыйым салу.

Сондай-ақ нан бағасын тұрақтандыру мақсатында қаңтардан бастап Азық-түлік келісімшарт корпорациясы әлеуметтік нан өндіру үшін өңірлерге өткізетін астық құны субсидияланатын болады. Бұл тетік Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ішкі нарыққа астықты нарықтағыдан төмен бағамен өткізу шығыстарын өтеуді көздейді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу