Алдағы қыс маусымына жем-шөп қорын құру үшін тиісті қаражат бөлінуде — Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов

Маңғыстау облысында биыл бұрын-соңды болмаған қуаңшылыққа байланысты төрт түлікті жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі туындап отыр. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Өңірде малды жем-шөппен қамту бойынша қолға алынған шаралар туралы Рrimeminister.kz-ке берген сұхбатында Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов айтып берді. 

Ауа райына байланысты өңірде биыл қуаңшылық орын алған. Әкімнің айтуынша, бұл мәселе туындағаннан бері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жасалған меморандум аясында көрші облыстардан жем-шөп тасу жұмыстары басталған. 

«Жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөліп, «Каспий» ӘКК арқылы өңірге арпа, жем әкеліп, үлестіріп жатырмыз. Оның негізгі көлемі 1 200 тоннаға жуық. Қазір 600 тоннадан астамы халыққа жеткізілді. Соңғы 500 тоннаға жуығы бүгінде арнайы операторлар арқылы аудандарға бөлініп таратылуда. Сонымен қоса Ақтөбе облысының бірнеше аудандары мен біздің аудандардың арасында арнайы меморандум жасалды. Ондағы мақсат – сол жердегі шабылған шөпті біздің өңірге жеткізу. Бұған да тиісті операторлар белгіленіп, сол жердегі шөп аудандарға тасымалданып, сатылып жатыр», — деп нақтылады жағдайды С.Трұмов. 

Бұл ретте туындап отырған бір мәселе – баға айырмашылығында. Жем-шөп бағасын қолжетімді ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде облыстағы өндірістік мекемелер де жанар-жағар май бөліп, қол ұшын созуда. Сондай-ақ Үкіметтің резервтік қорынан 1,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп, әрбір шаруа қожалығындағы аналық мал басына байланысты беріліп жатыр.

«Осы қаржыны дұрыс бөлу үшін біз әр ауданда, ауылда арнайы комиссия құрдық. Ол комиссия әрбір шаруа қожалығындағы, әрбір үйдегі мал басын санап, соны актілейді, сол актіге сәйкес біз тиісті қаражатты әр азаматқа үлестіретін боламыз. Бұл жұмыс міне, қазір басталып кетті», — деді әкім.

Сонымен қоса, кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің жасаған жұмыс сапары асында өңірдегі ауыл шаруашылығының жағдайына қатысты жиын өтті. Жиын қорытындысы бойынша С. Трұмов облысқа Үкімет тарапынан алдағы қыс маусымына жем-шөп қорын жасақтау үшін тиісті қаражат бөлінетінін жеткізді. 

«Оған Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан шөпті тасып жеткізіп, жем алуымыз керек. Бұл - өңірдегі ауыл шаруашылығында қалыптасқан қиын жағдайға байланысты ұйымдастырылып жатқан жұмыстар», — деді С. Трұмов.                                                   

Сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімі еліміздің түкпір-түкпірінен көмек қолын созып жатқан барлық ерікті азаматтарға өзінің алғысын жеткізді.  

«Түркістан облысынан бізге бірнеше вагон тегін шөп келіп жатыр. Оны да аудандар мен қалаларда арнайы штаб құрып, ерікті азаматтар өздері халыққа жеткізіп беруде. Ақтөбе облысынан да кейбір кәсіпкерлер өздерінің шөптерін осы өңірдегі азаматтарға жеткізіп беру мақсатында үлестерін қосты. «Қазақстан темір жолы» компаниясы ерікті азаматтар дайындаған шөптерді вагонмен тегін жеткізіп беріп жатыр. Маңғыстау жұртшылығының атынан осы азаматтарға, Түркістан облысына, Ақтөбе облысына, «Қазақстан темір жолы» компаниясына зор алғысымызды білдіремін», — деді облыс басшысы. 

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу