13 Қыркүйек 2022, 18:00
13 қыркүйекте Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
— ҚР Үкіметінің отырысында биылғы 8 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.
— Премьер-Министр тамыз айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 16%-дан асып кеткенін атап өтті. Өңір әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейту тапсырылды.
— Сондай-ақ ҚР Үкіметінің отырысында «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады.
— Әлихан Смайылов ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, жыл соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін «Kaznedra» платформасын іске қосуды тапсырды. Сонымен қатар Премьер-Министр елдің ғылыми-техникалық дамуына жеке инвестицияларды кеңінен тарту үшін жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құруды басым инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу